Биылғы "Еуразия" кинофестивалінде Шәкен Айманов пен "Қазақфильмнің" мерейтойына ерекше мән беріледі
24-30 қарашада Алматыда XVII "Еуразия" халықаралық кинофестивалі өтеді."Еуразия" – Қазақстандағы ең ірі кинофорум және халықаралық кинопродюсерлер қауымдастықтары федерациясы (FIAPF) аккредиттеген Орталық Азиядағы бірден-бір кинофестиваль. Фестивальдің тұрақты құрылтайшысы әрі ұйымдастырушысы – ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі.
Кинофестивальді ұйымдастыру Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" ұлттық киностудиясына тапсырылды. Мұның өзіндік себебі де бар. Биыл киностудия бірнеше маңызды мерейтойды атап өтуде. Біріншіден, киностудияның 90 жылдығы. Екіншіден, қазақ киносының майталманы – Шәкен Аймановтың туғанына 110 жыл және "Қазақфильм" киностудиясына оның есімі берілгеніне 40 жыл толды. Алдағы фестивальде осы айтулы күндерге ерекше мән берілмек.
Бүгінде "Еуразия" кинофестивалі – Орталық Азия өңіріндегі ең маңызды мәдени шаралардың біріне айналды. 1998 жылы фестиваль құрылған сәттен бастап "Еуразия" дәстүрінде өскен қазақстандық кинематографистердің тұтас буыны қалыптасты. Оларды "Еуразия ұрпағы" деп атауға болады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл кинофестиваль аясында халықаралық байқау өтеді, мұнда Еуропа мен Азия елдерінің толықметражды фильмдері, сондай-ақ Орталық Азия мен Түркі әлемі елдерінің фильмдері ұсынылады. "Еуразия" іскерлік алаңы да көптеген жаңалықтарға толы болмақ. "Тұран" университеті мен Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында түрлі шеберлік сабақтары мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылады. Кинематографистер ПРОКК (кинематографистердің кәсіби клубы) аясында өзара тәжірибе алмасады.
XVII "Еуразия" халықаралық кинофестивалі 24 қарашада Almaty Theatre-да салтанатты түрде ашылады.
Сондай-ақ, әр жылдары фестивальдің құрметті қонақтары қатарында Катрин Денев, Кевин Костнер, Изабель Аджани, Пьер Ришар, Софи Марсо, Джереми Айронс, Орнелла Мути, Стивен Сигал, Сигурни Уивер, Жерар Депардье және басқа да көптеген әлемдік кино жұлдыздары болғанын атап өткен жөн.