Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының отырысында биылдан бастап бейбітшілік пен келісімді нығайтуға үлес қосып жүрген азаматтарға ҚХА сыйлығы мен ордені табысталатынын мәлімдеді.

"Жеріміздегі келісім мен үйлесімді нығайтуға нақты істерімен үлес қосып жүрген азаматтарды жан-жақты ынталандыру қажет. Қазақстан халқы Ассамблеясының екі сыйлығын тағайындауды ұсынамын: біріншісі – әдебиет пен журналистика саласындағы үздік еңбек үшін, екінші – мәдениет және өнер саласындағы үздік жұмыстар үшін. Бұл марапаттарды жеке авторлар да, шығармашылық ұжымдар да ала алады. Бұл ретте сыйақының мөлшері мемлекет сыйлықақыдан кем болмауға тиіс", – деді мемлекет басшысы.


Оқи отырыңыз: Тоқаев: Қоғамда мемлекеттік тілді үйрену, оны білуге ұмтылу қалыпты жағдайға айналуы қажет


Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа мемлекеттік награда – "Ұлт бірлігін нығайту жолындағы жемісті еңбегі үшін" Қазақстан халқы Ассамблеясының ордені бекітілетінін, оны биыл қазан айында Республика күніне орай табыстауға болатынын айтты.

"Еліміздегі бейбітшілік пен келісімді сақтауға азаматтарымыздың қосқан үлесін мемлекеттік деңгейде мойындау ұлттық бірлікті нығайтуға қуатты жасампаздық импульсін беретініне сенімдімін. Жалпы, еліміздің геральдикалық рәміздерін одан әрі жетілдіруді ойластыру керек деп ойлаймын. Ол азаматтарға жақын әрі түсінікті, озық әлемдік тәжірибеге сәйкес және халқымыздың бірегей болмысын көрсетуге тиіс", – деді Қазақстан президенті ҚХА отырысында.