Қазақстанда жаңа жылға арналған шаралар мен кештер өткізуге шектеу қойылмаған. Бұл туралы үкімет кулуарында денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты.

"Жаңа жылдық шараларға әзірге шектеу қойылмайды. Оған себеп болатындай критикалық жағдай жоқ", – деді министр.


Оқи отырыңыз: Ажар Ғиният өзінің алғашқы дәрігерлік қателігі туралы: "Диагнозы басқа болып шықты".


Дегенмен министр адам көп жиналатын жерде маска тағуға қажет екенін еске салды. 

"Қазір маусымдық вирус инфекцияларын, сонымен бірге короновирус инфекциясын жұқтырғандар саны өсіп жатыр. Апта сайын көрсеткіштерді салыстырып отырмыз. Тәулігіне 200-ден астам адам короновирус инфекциясын жұқтырып жатыр. Сол себепті біз адам көп жиналған жерде маска тағуды ұсынамыз", – деді Ажар Ғиният.

Министр маусымдық инфекциялардан сақтану шаралары туралы да сөз етті. Айтуынша, халықтың 12 пайызы тұмауға қарсы екпе алған. Оның ішінде тәуекел тобындағылар мен диспансерлік есепте тұрған пациенттер, аяғы ауыр әйелдер бар.