Биыл өңірлерді қолдауға 6,9 трлн теңге жұмсалды – Қаржы министрі
Биылғы жылдың 11 айында өңірлерді қолдауға 6,9 трлн теңге бағытталды. Бұл қаражат әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуға, тұрғын үй құрылысына, сондай-ақ су, жылу, газ және көлік инфрақұрылымын дамытуға жұмсалды. Бұл туралы Үкімет отырысында Қаржы министрі Мәди Тәкиев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, салықтық және кедендік әкімшілендірудің сапасын арттыру нәтижесінде бюджетке қосымша 660 млрд теңге түсім қамтамасыз етілген. Сонымен қатар экспорттаушыларға 1 трлн теңгеден астам қаражат қайтарылған. Бұл шаралар мемлекеттік бюджеттің кіріс базасын нығайтып қана қоймай, отандық бизнестің төлем қабілеттілігін сақтауға мүмкіндік берген.
Мәди Тәкиев мемлекеттік бюджет шығыстарының орындалу деңгейіне де тоқталды. Оның дерегінше, жалпы мемлекеттік бюджет 95 пайызға, оның ішінде республикалық бюджет 96 пайызға, ал жергілікті бюджеттер 95 пайызға атқарылған.
Оқи отырыңыз: Тоқаев Тәуелсіздік күнімен құттықтады: Озық ойлы ұлт ретінде берекелі бірлігімізді сақтауымыз керек
Министр негізгі басымдықтар сақтала отырып, бюджет қаражаты бірқатар маңызды бағыттарға жұмсалғанын атап өтті. Атап айтқанда:
- әлеуметтік қолдауға – 8,3 трлн теңге,
- өңірлерді дамытуға – 6,9 трлн теңге,
- нақты секторды қолдауға – 1,8 трлн теңге бөлінген.
Сондай-ақ Қаржы министрі қазіргі таңда "Жайлы мектеп", "Ауыл – ел бесігі" бағдарламалары аясында, сондай-ақ су және жылумен жабдықтау, газдандыру, көлік инфрақұрылымы, тұрғын үй және жеке тұрғын үй құрылысы бағыттары бойынша 870 жоба жүзеге асырылып жатқанын айтты.
Министрдің сөзінше, кірістердің оң серпіні мен шығыстарды басқаруда жүргізіліп отырған жүйелі саясат бюджет тапшылығын бекітілген ковенанттар шегінде ұстап тұруға мүмкіндік беріп отыр.