Биыл 11 жастан асқан 170 мың қыз балаға HPV-ға қарсы екпе салынады
Бұған дейін ата-аналардың рұқсатымен 17 925 қыз балаға екпеге сынама жасалды және олардың жағдайы жақсы.2024 жылы 170 мыңнан астам қызға жатыр мойны обырының аурушаңдығына қарсы екпе салынады, деп мәлімдеді "Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы" филиалының директоры Айнагүл Қуатбаева.
Жатыр мойны обыры – қазақстандық әйелдерде жиі кездесетін онкологиялық ауру. Сондай-ақ бұл папилломавирусқа (HPV) қарсы вакциналау арқылы алдын алуға болатын жалғыз қатерлі ісік.
"Жатыр мойны обырының асқынуына көбінесе HPV себеп болады. Сондықтан биыл 11 жастан асқан 170 мың қыз балаға HPV-ға қарсы екпе салуды жоспарлап отырмыз. Бұған дейін ата-аналардың рұқсатымен 17 925 қыз балаға екпеге сынама жасалды және олардың жағдайы жақсы. Қазақстандағы қыз балалардың 90 пайызы 15 жасқа дейін HPV вакцинасымен қамтамасыз етілуі керек. Осы орайда ұл балаларға да салуды ұсынып отырмыз. Сондай-ақ әйел адамдардың 70 пайызы 35 және 45 жасында тест арқылы скринингтен өткені абзал", – деді Айнагүл Қуатбаева.
Қазақстанның бас штаттан тыс онкологы Диляра Қайдарова HPV вакцинасының БАӘ, Ұлыбритания, Германия, Австрия, Швейцария, АҚШ, Канада, Катар, Франция, Австралия және Жапонияны қоса алғанда, әлемнің 100-ден астам елінің ұлттық иммундау бағдарламасына енгізілгенін атап өтті.
Оқи отырыңыз: Брекет салдырмас бұрын не білу қажет? 12 сұраққа жауап
"Әлемнің 42 елінде бұл вакцина қыздармен қатар ұлдарға да салынады. Ресми мәліметтерге сүйенсек, Австралияға осы вакцина енгізілгеніне 9 жыл өткен соң, 18-35 жас аралығындағы әйелдерде HPV-нің 4 түрінің таралуы 90% төмендеген", – деді Диляра Қайдарова.