Астанада әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша сот процесі аяқталуға жақын қалды. Екінші сотталушы Бақытжан Байжанов қылмысты жасырды деп айыпталып отыр. Бүгін үзіліс жарияланып, келесі сот отырысы 13 мамырға белгіленді. 

Өткен аптада сот жарыссөзі өз мәресіне жетті. 6 мамырда сотталушылар Бишімбаев пен Байжанов соңғы сөзін айтты.

Бүгін, 10 мамырда сотта алқабилерге бағытталған сұрақтарды іріктеу және талқылау басталды. Бұл рәсімге қылмыстық іс жүргізу кодексінің талаптарына сәйкес алқабилер қатыспайды. Сол себепті БАҚ өкілдері сот залынан шығарылып, тікелей эфир тоқтатылды.

"Қандай да бір шешім шығарылған жоқ. Біз өз сұрақтарымыздың тізімін ұсындық және судья кеңесу бөлмесіне кетті. 13 мамырда үкім шықпайды, ол күні біз алқабилерге берген сұрақтар қаралады", – деді жәбірленуші тараптың адвокаты Игорь Вранчев.

Сот отырысының нақты қаншада басталатыны кейінірек хабарланады. 

Informburo.kz отырысты өзінің YouTube-арнасында көрсетеді.  


Оқи отырыңыз: "Мен Салтанаттың тірі болғанда қалай өмір сүретіні туралы ойладым". Байжанов сотта соңғы сөзін айтты


Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты барлық материалды осы жерден оқи аласыз.