"Бірнеше Орхан Памукты шығарамыз": Қазақ шығармалары түрік тіліне аударылады
ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымы 35 жасқа дейінгі жазушылар арасындағы шығармашылық дода өткізуді ұсынды.Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымы бас хатшысының орынбасары Сайт Юсуфпен кездесіп, екіжақты меморандумдарға қол қойды. Олардың аясында қазақ шығармаларын түрік және түрік шығармаларын қазақ тіліне аудару бойынша ауызша келісімдер жасалды.
"Түркі әлемі жазушыларының ішінде "Нобель" сыйлығын алған тек Орхан Памук. Оның кітаптары бірнеше тілге аударылды. Сол үшін де танымал. Осы іспеттес көптеген талантты жазушыларымыз бар. Солардың кітаптарын түрлі тілдерге тәржімаласақ, бірнеше "Орхан Памукты" жасап шығара аламыз. Қазақстандағы жазушылардың туындыларын түрік тіліне, ал Түркиядағы жазушылардың шығармаларын қазақшаға аударсақ, сол кезде ғана бір-біріміздің әдебиетіміз, мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден хабардар болып, жақыннан тани түсеміз", – деді Мерек Құлкенов.
Оқи отырыңыз: "Оқуға тұрарлық ешкім жоқ емес, оқитын адам жоқ". Жазушы Бақытгүл Сәрмековамен сұхбат
Одақ төрағасының бұл сөзін қос қолдап құптайтынын айтқан Сайт Юсуф түркі тілдес елдердегі жас жазушылар арасында жарыс өткізуді ұсынды.
"30-35 жасқа дейінгі жастардың арасында арнайы тақырып беріп, оларға белгілі бір бағытта шығарма жазғызуға болады. Не болмаса өздерінің дайын туындысынан да дода ұйымдастыра аламыз. Жеңімпаздарға қаржылай сыйлық беріп, әрі кітабын тәржімалап, жарыққа шығаруға болады", – деді Сайт Юсуф.
Оның хабарлауынша, биыл жыл соңына қарай Түрікменстанда ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының дәстүрлі кеңес отырысы өтеді. Оған түркі мемлекеттері Жазушылар одағының төрағалары қатысады. Одан кейінгі басқосу 2025 жылы Қазақстанда, Түркі әлемінің мәдени астанасы Ақтауда өтеді.