Еліміз бірыңғай уақыт белдеуіне көшкелі бірнеше өңірдің тұрғындары электр энергиясына кететін шығынның көбейгенін айтып шағымданған, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Көпшілік қазірдің өзінде жарыққа бұрынғымен салыстырғанда екі есеге артық төлем жасап жүрміз деп ашынады. Өйткені кей жерде күндізгі төртте күн ұясына батып, қараңғы түседі.

Ал энергетика министрлігіндегілер биыл халықтың электр жарығын тұтыну көлемі 4 пайызға ғана артты деп отыр. Бір қызығы, мұның сағат тілінің ауысуына еш қатысы жоқ екен. Шығыс және солтүстік өңірлерде тұрғындардың тіршілігі қызып жатқанда қас қараяды. Демек, күндізгі төрттен кейін күн ұясына батып, амалсыз жарықты қосуға мәжбүрміз дейді тұрғындар. Соның кесірінен электр энергиясына көп қаражат төлейтін болған.

Бірыңғай уақыт белдеуі енгізілгелі электр жарығына төленетін ақы әсіресе кәсіпкерлердің қалтасын қаққан. Олар сағат тілі артқа жылжығанымен жұмыс уақыты ауыспағанын айтады.

Ал Энергетика министрлігінің өкілдері елімізде энергия тұтыну көлемі тек халық санының өсуіне байланысты артты деп отыр.

"Қазақстанның электр энергетикалық жүйесінде энергия тұтыну өсімі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4 пайызды құрады. Бұл өсуі бірыңғай уақыт белдеуін енгізуге байланысты емес, халық және ел экономикасының жыл сайынғы табиғи өсуімен байланысты", – деді ҚР Энергетика министрлігі электр энергетикасын дамыту департаментінің басқарма басшысы Берден Оспан.

Жауаптылар электр энергиясының тұтыну көлемі биыл керісінше таңғы уақытта төмендеді деп отыр. Сондықтан жарықты пайдалану шығыны өзгерді дегенге сеніңкіремейді. Бірақ тұрғындардың дені бұл уәжбен келіспейді. Көпшілік бұрынғы уақытқа қайта көшуді сұрайды.