Бір оқушы, үш мұғалім. Атырау облысында бастауыш мектеп жабылды
Өткен оқу жылында мектепте екі оқушы ғана білім алған.Атырау облысының Қызылқоға ауданына қарасты Кенбай ауылында жалғыз ғана оқушысы қалған бастауыш мектеп жабылды. Оқушы Жамансор стансасындағы бастауыш мектепке ауыстырылды. Бұл туралы ҚазАқпарат агенттігі Атырау облыстық білім басқармасының сілтеме бере отырып хабарлады.
Кенбай ауылындағы бастауыш мектепте өткен жылы екі оқушы білім алса, оның бірі 4-сыныпты бітіруіне байланысты басқа мектепке ауысқан. Оларға білім беріп келген үш мұғалім де енді өзге ауылдардағы мектептерде қызмет етеді. Екеуі Атырау қаласына (ауылдан 128 шақырым қашықтықта), үшіншісі Мақат ауданындағы Доссор кентіне жұмыс ауыстырды.
Атырау облыстық білім басқармасының мәліметінше, Кенбай ауылындағы мектеп алдағы уақытта жұмысын қайта жалғастыруы мүмкін. Өйткені, ауылда келер жылы мектеп жасына толатын балалар бар.
Еске салайық, бұған дейін Атырау облысында оқушылары төрт ауысымда оқуға мәжбүр мектептер бары туралы хабарлаған едік.
Оқи отырыңыз: Атырау облысында мектеп оқушылары төрт ауысымда оқуға мәжбүр