Атырау облысына қарасты Кенбай ауылының халқы жалғыз мектептің жабылуына қарсы шықты. Жаңа оқу жылының қарсаңында жауаптылар бір баланы оқыту бюджетке үлкен шығын екенін айтады, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдаралмасы. 

"Мектеп жабылса, біздің ауыл да жоғалады. Бізге ауыл керек. Балалары барлар көшсе, адам саны азаяды. 1-сыныпта оқымаса да, дайындалып жүрген үш бала бар. Қырғын адам сол мектептен нан жеп отыр", – деді Кенбай ауылының тұрғыны Айсара Әбезбава. 

Тағы бір тұрғын газ тартып беруді сұрады. Айтуынша бюджеттен бұл мақсатқа үлкен сомада қаржы бөлінеді. 


Оқи отырыңыз: Магистратураға білім гранттары иегерлерінің тізімі жарияланды


"Біріншіден, мектеп жабылмасын дейміз. Шағын топ болса да, сақтап қалсын. Екіншіден, газ тартып берсін, жыл сайын осы мақсатта қыруар қаражат бөлінеді. Сол ақша қайда?" – деді Кенбай ауылының тұрғыны Еділ Темірболатов.  

Білім басқармасындағылар жалғыз оқушыны оқыту бюджетке шығын екенін айтады. Сол себепті мәселені бейімдеу арқылы шешпек. Яғни білім алушыларды ауылға жақын жердегі мектепке ауыстырмақ. 

"Бұл жерде мәселе қаржыға тіреліп тұр. Бір бала үшін қызметкерлердің бәрін ұстап тұру қиынға соғып отыр. Сол себепті оптимизация жасауды ойластырып отырмыз. Бөлім басшыларымен тағы да сөйлесеміз. Халықтың пікірін ескереміз", – деді Атырау облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Орынтай Бимашева. 


Оқи отырыңыз: Ғани Бейсембаев мектепке хиджаб киіп келу туралы: Бәріміз заңға бағынуымыз керек


Кенбайлықтар жалғыз мектепті сақтап, ауылдарын көркейту үшін соңына дейін күресетінін жеткізді.