Атырауда жұмыртқа сатылымына шектеу қойылды. Қала тұрғындары енді ірі супермаркеттерде 10 жұмыртқадан артық сатып ала алмайды. Бұл тұрғындардың наразылығын тудырып отыр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Арна тілшілері қаланың сауда орындарын аралап, жұмыртқа сатылымын шектеу қалай жүзеге асып жатқанын тексеріп көрді. Тілші Жұлдыз Тілеуханның айтуынша, көптеген супермаркеттегі жұмыртқа сатылатын сөрелер босап қалған. Ал бірінде расымен де сатушылар тілшінің 10 данадан артық жұмыртқа сатып алуына жол бермепті.

Шектеу Атырау қаласының әкімдігі тарапынан енгізілген. Тұрақтандыру қорынан алынатын жұмыртқа бағасы супермаркеттерде 35-36 теңге болса, базарлар мен шағын дүкендерде баға 47-48 теңгеден басталады. Әкімдік мамандары шағын дүкендер супермаркеттен арзан жұмыртқаны көптеп алып, қымбаттатып сатып жатқанын жасырмайды. Жұмыртқа сатылымын шектеу – осындай әділетсіздікпен күрестің бір тәсілі.


Оқи отырыңыз: Жұмыртқа қымбаттай ма? Құс фабрикалары жабылудың алдында тұр


"Аталған супермаркет желілерінің әкімшілігімен ортада делдалдық схеманы немесе жасанды баға өсімін алдын алу мақсатында күнделікті сауда сөрелеріне шығарылатын жұмыртқа өнімінің көлемін азайтып, бір тұтынушыға 10 дана жұмыртқадан ұсынылып отыр", – деді Атырау облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының бөлім басшысы Нұрдәулет Жұмасейітов.

Өңірде жұмыртқа өнімдерін өндіру бойынша 2 ірі кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың айлық өндіріс қуаты – 2 миллион дана. Бірақ, бұл екі кәсіпорын облыс қажеттілігінің тек 30 пайызын ғана қамтамасыз етеді.

Дегенмен, қала басшылығы өңірде әзірге жұмыртқа тапшылығы жоқ екеніне сендіріп отыр. Мысалы, мемлекеттен субсидия алып отырған сауда желілеріне аптасына 330 мың дана жұмыртқа жеткізіледі. Ал атыраулықтар тұтынатын жұмыртқаның 70 пайызы өзге облыстардан тасымалданады.