Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенова мектептердегі педагогика мамандарының жетіспеушілігі мәселесін педагогтарға қайта даярлық курсынан өту құқығын беру арқылы шешу тиімсіз деп санайды. Бұл туралы ол мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында айтты. 

Тамара Дүйсенованың сөзінше, педагогтер өте қысқа мерзімде басқа пән бойынша қайта даярлықтан өте алмайды. 

"Мысалы, "биология мұғалімі" дипломы бар маман географиядан сабақ беруі үшін "география мұғалімі" мамандығы бойынша екінші жоғары білім алуы керек. Оны педагог қайта даярлық курсынан өту барысында игере алмайды", – деп жауап берді Тамара Дүйсенова. 

Оның айтуынша, қайта даярлық бағдарламалары кәсіби білімі бар болғанымен, педагогикалық білімі жоқ мамандардың сабақ беруіне арналған. Айталық, "Ақпараттық технологиялар" мамандығының иесі қайта даярлық курсынан өту арқылы информатика пәнінің мұғалімі бола алады. 


Оқи отырыңыз: Қазақстанда сынып жетекшілеріне төленетін ақыны 30 пайызға арттыру қаралып жатыр


Оның үстіне, үкімет басшысы орынбасарының сөзінше, Қазақстан мектептеріндегі педагогтердің біліктілік деңгейі айтарлықтай жетілдіруді талап етеді. Мұндай жағдайда пәнді түбегейлі меңгерместен, жеделдетілген қайта даярлық курсынан өту арқылы сабақ беру білім сапасын одан сайын құлдыратып жібереді. 

Еске салайық, мәжіліс депутаттары бірқатар аралас пәндер бойынша мұғалімдердің қайта даярлық курсынан өтіп, сабақ беруіне рұқсат беру қажеттігін ұсынған болатын. Депутаттардың ойынша, бұл педагог жетіспеушілігі мәселесін шешіп, екінші жағынан сабақ саны аз пәндер бойынша мұғалімдердің сағат санын толықтыруға мүмкіндік берер еді.