Bingo37.pro платформасы арқылы онлайн-құмар ойындарын ұйымдастырды деген күдікке ілінген азамат халықаралық іздеуден кейін Грузиядан Қазақстанға жеткізілді, деп хабарлайды ҚМА.

Агенттіктің мәліметінше, аталған сервис арқылы мыңнан астам құмар ойын түріне қолжетімділік берілген. Олардың қатарында Crazy Monkey, Keno, Euro Game және өзге де танымал ойындар бар.

Ойыншыларды тарту Telegram және WhatsApp мессенджерлері арқылы жүргізілген. Жарнамалық фото-видео материалдар, түрлі акциялар мен бонустық ұсыныстар таратылып, қолданушыларға "жеңіл әрі жылдам ұтыс" мүмкіндігі бар деген түсінік қалыптастырылған. 

"Ақша аударғаннан кейін ойыншыларға платформаға кіруге арналған логин мен құпиясөз беріліп отырған. Қаражат қабылдау және қаржы ағындарын жасыру үшін күдікті Грузия мен Тәжікстан азаматтарын — дроперлерді тартқан. Олар Қазақстанға келіп, банк шоттары мен абоненттік нөмірлерді тіркеп, кейін оларды ұйымдастырушыға тапсырған. Нәтижесінде дроперлердің атына ашылған шоттар арқылы 3,1 млрд теңгеден астам қаржы өткен. 2025 жылдың тамызында Бахтияр Оглы Р. халықаралық іздеуге жарияланып, сот оны сырттай қамауға алу туралы санкция берген. 2026 жылдың қаңтарында күдікті Грузия аумағында ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланды", – делінген хабарламада.

Сот қаулысымен үшінші тұлғалардың атына рәсімделген екі автокөлік — Porsche Cayenne және Lexus GX 460 мемлекет кірісіне тәркіленді.

Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр. Қазақстан Республикасы қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.