Беташар мен салбурын ЮНЕСКО материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енуі мүмкін
Қазіргі уақытта олар ЮНЕСКО-ның бағалау комитетінің қарастырылуында.Қазақтың беташар және салбурын салт-дәстүрлерін ЮНЕСКО материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізу бойынша жұмыс жүріп жатыр. Қазіргі таңда олар ЮНЕСКО-ның бағалау комитетінің қарастырылуында болса, 2024-2025 жылдарға арналған материалдық емес мәдени мұра конвенциясының үкіметаралық комитетінің құрамына енгізіледі. Бұл туралы үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенованың мәжіліс депутаттарына берген жауабынан белгілі болды.
Қазақстан 2011 жылы "Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы" халықаралық конвенцияны ратификациялағаннан кейін 2013 жылы Материалдық емес мәдени мұраның ұлттық тізімі бекітілген. Оған беташар, айтыс, батырлар жыры және тағы басқа 45 элемент енгізілсе, 2023 жылы тізім тағы 88 ұлттық элементпен толықтырылған.
Оқи отырыңыз: "Жаңа түскен келінге көрімдігін беріңіз". Беташардың мәні неде?
Ал ЮНЕСКО-ның Мәдени мұраның репрезентативті тізіміне материалдық емес мәдени мұраның 13 элементі енгізілген.
"Қазақ мәдениетіне қатысты 2 элемент – салбурын мен беташар ЮНЕСКО-ның бағалау комитетінің қарастырылуында және 2024-2025 жылдарға арналған материалдық емес мәдени мұра конвенциясының үкіметаралық комитетінің құрамына енгізіледі. Сонымен қатар 2024-2025 жылдары үйлестірушісі Өзбекстан Республикасы болып табылатын сюзанна-кестелеу өнері бойынша көпұлтты номинацияны енгізу жоспарлануда", – делінген Тамара Дүйсенованың жауабында.
Премьер-министрдің орынбасары депутаттардың "Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы" заң жобасын әзірлеу туралы ұсынысына Қазақстанда материалдық емес мәдени мұраны сақтау және жаңғырту шаралары қолданыстағы заңнамамен реттелетінін және жеке заң қабылдауды қажет етпейтінін айтып жауап берді.
Оқи отырыңыз: Беташардың мәні неге бұзылды? Тойды тәртіпке келтіруге бес кеңес