Берік Қамалиев: 40 тоннаға дейін жүк таситын қытайлық көліктер жолды тоздырып отыр
1 қазаннан бастап І санаттағы жолдар ақылы болады.Қытайдан келетін жүк көліктеріне утилизациялық алым мөлшері көбеюі керек. Сондай-ақ, алдағы уақытта жол инспекторлары автоматтандырылған бейнебақылау камераларымен алмастырылады. Бұл жемқорлықты азайтып, жол сапасын жақсарту үшін қажет, деп мәлімдеді Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев.
"Парламентте жолдың сақталуына қатысты сан рет сауал қойдым. Бұл мәселе тұрғындарымызды да мазалайды. Соңғы рет жолға қатысты оқиға мамыр айында болды. Күннің 35 градус ыстығында артық жүк артқан Қытай көліктері жаңа жолдың бойымен кетіп бара жатты. Бұл адамдардың наразылығын тудырды. Сіз және министр әрдайым: "Кешен саламыз, заңдастырамыз" дейсіздер. Оны Қорғас – Алматы, Алматы – Қарағанды және Павлодар – Нұр-Сұлтанға орнатасыздар. Ал карьерден шыға сала жолды бұзатындар ше? Түрлі суреттер келді. Құрылысшылардың өзі бір жыл бұрын ғана салынған жолды бұзып жатыр. Көлік бақылаушылары айыппұл салатынын айтады. Олардың қалай айыппұл салатыны түсінікті. Осы шектен тыс көп жүк артқан көліктерге қалай төтеп береміз?" – деп сұрады Альберт Рау.
Вице-министр Берік Камалиев расымен де, шетелдік тасымалдаушылар тарапынан ереже бұзушылық болып отырғанын, сондай-ақ, оларға қатысты қандай шаралар қабылданатынын түсіндірді.
"Тарихқа жүгінетін болсақ, бұрын жолдың қалыңдығы 40 сантиметрдей болған. Бұл – шамамен бір-екі қабат асфальт қана. Бүгін жол қалыңдығын 13 тонна жүкті көтере алатын деңгейге жеткіздік. Құрылымы жағынан шамамен метрге жетеді. Ел климатының жиі ауысатынын ескеріп, жолға 11-11,5 тоннаға дейін салмақ түсіруге рұқсат бердік. Бірақ, 40 тоннаға дейін жүк таситын Қытай көліктері жолға шамадан тыс салмақ түсіріп отыр. Олар 15-20 тоннаға дейін жүк артады. Ал жер қойнауымен айналысатын кәсіпкерлер тіпті бетон және темір бетон зауыттарына көлікке 40 тоннаға дейін жүк артып тасиды. Жол инспекторлары оларды ұстайды. Дегенмен, тоқтамай, айналма жол арқылы өтіп кететіндері бар. Олар кейін қала ішіндегі жолдарды да тоздырады. Айыппұл шаралары көмектеспей отыр", – деп түсіндірді Берік Қамалиев.
Әрі қарай ол жол сапасын сақтауға инспекторлардың пара алуы кедергі болып отырғанына тоқталды. Осы орайда, ол жол инспекторларын автоматтандырылған камералармен алмастыруды ұсынды. Олар жүк көліктері тасып келе жатқан ақпаратты бірден диспетчер пунктіне жіберіп, сол жерде айыппұл салынады.
"Жол бойында тұратын инспекторлар мен шетелден келетін жүк көліктері жүргізушілерінің қарым-қатынасқа түспеуі маңызды. Бұл көліктердің жүруіне толықтай тыйым салу қажет. 2018 жылы "Атамекен" мен парламентте кәсіпкерлік кодексі қабылданған кезде, ол жердегілер бізді қолдамады. "Орта және кіші бизнес қалай күн көреді? Кен орнындағылар қалай жұмыс істейді?" деп алаңдады. Осы Қытай жүк көліктеріне утилизациялық алымды көбейте түсу қажет", – деді министрдің орынбасары.
Сондай-ақ, ол 1 қазаннан бастап І санаттағы жолдар ақылы болатынын мәлімдеді. Әрі қарай кезең-кезеңімен ІІ және ІІІ санаттағы жолдар да ақылы болды.