Бектенов қаржысын офшордан елге қайтарғандарға рақымшылық жасауға қатысты жауап берді
Үкімет басшысы Олжас Бектенов "Ақ жол" партиясының мәжілістегі депутаттарының офшордағы қаржысын елге қайтарғандарға жауапкершілік жүктемей, рақымшылық ету туралы ұсынысына жауап берді.
Олжас Бектеновтің айтуынша, офшорлық аймақтардан және басқа да шетелдік юрисдикциялардан капиталды қайтару үшін рақымшылық жасау туралы ұсыныс елдің қаржылық орнықтылығын нығайту және инвестициялық әлеуетін арттыру жөніндегі ықтимал құралдардың бірі.
"Бұл мәселе кешенді әрі салмақты тәсілді талап етеді. Рақымшылық жасау кезінде жасалған қылмыстық жазаланатын іс-әрекеттердің, әсіресе, егер олар ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында жасалған болса не террористік әрекеттермен, есірткі қылмыстарымен және басқа да ауыр құқық бұзушылықтармен байланысты болса, ауырлығын ескеру қажет. Сонымен қатар төрелік даулардың тәуекелдерін, халықаралық келісімдердің сақталуын, сондай-ақ қайтарылуға жататын активтер орналасқан елдердің ұлттық заңнамасын ескере отырып, ықтимал қаржылық шығындарды ескеру қажет", – деді үкімет басшысы.
Оқи отырыңыз: Қазақстаннан шығарылған қаржыны қайтару жөніндегі комиссияға кімдер кірді
Жауап мәліметтеріне сәйкес, 2024 жылы салықтық ақпаратпен автоматты түрде алмасу 89 юрисдикциямен, соның ішінде 26 офшорлық елмен жүзеге асырылған.
"2026 жылғы 1 қаңтардан бастап бақыланатын шетелдік компанияларға салық салу қағидаларын қоса алғанда, қосымша салықтық тетіктерді енгізу жоспарлануда. Бұл активтерді одан әрі қайтаруға және халықаралық қаржы операцияларының ашықтығын нығайтуға жағдай жасайды. 2001 – 2014 жылдар кезеңінде Қазақстанда капиталды жария етудің үш кезеңі өткізілді, оның қорытындысы бойынша бюджетке 6,674 трлн теңге, оның ішінде: бірінші кезеңде – 70 млрд теңге, екінші кезеңде – 904 млрд теңге және үшінші кезеңде – 5,7 трлн теңге түсті", – деді үкімет басшысы.