G-Park компаниясы Астанада рұқсатсыз жеті үй салып жатыр, деді Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов.

"Елордада G-Park компаниясы рұқсатсыз жеті тұрғын үй салып жатыр. 3,5 мың отбасы бұл құрылыстарға қаражат салған.  Астанада «Араби-2-Гранитный-2» тұрғын үй кешені 10 жылдан астам уақыт бұрын проблемалы деп танылды. 200-ге жуық отбасы баспана ала алмай отыр", – деді Олжас Бектенов.

Бұған дейін қала әкімі Жеңіс Қасымбек әкімдік G-park компаниясынан тұрғын үй кешенінің құрылыс қарқынын жеделдету үшін бар күш-жігерін салып жатқанын хабарлаған болатын.

Елімізде ең проблемалы 39 тұрғын үй құрылысы жобасы бар екені атап өтілді.


Оқи отырыңыз: Қазақстанның 45 пайызы сейсмикалық қауіпті аймаққа жатады. Жаңа құрылыс кодексі не үшін қажет?


Индустрия министрі Қанат Шарлапаев құрылыс салушыларды таңдауда азаматтар жауапкершілікпен қарау керек екенін айтты.

"Заңға қайшы келетін заңсыз құрылысты тоқтату керек. Қазір біз әзірлеген шаралар Мәжілісте. Мысалы, алдын ала келісімдерге тыйым салу. Бұл тұрғын үй үлескерлерін дұрыс, заңды қаржыландыруды айналып өтудің негізгі құралдарының бірі. Атап айтқанда, G-Park-ке қатысты біз бұл мәселенің қалай шешілетіні туралы ақпарат береміз. Бірақ, жалпы, өте қарапайым тілмен айтқанда: біздің азаматтар құрылысты таңдауда жауапкершілік танытуы керек", – деді Қанат Шарлапаев.