Бектенов азық-түлік бағасын тежеу шараларын күшейтуді тапсырды
Премьер-министр Олжас Бектенов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары (ӘМАТ) тізбесін кеңейту жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Бұл туралы ол Үкімет отырысында мәлімдеді.
Премьер-министрдің айтуынша, соңғы екі айда елдегі инфляция деңгейі 12,4 пайызға дейін төмендеген. Алайда Ұлытау, Ақмола және Атырау облыстарында инфляцияның өсуі байқалып отыр.
"Негізгі себеп – азық-түлік бағасының қымбаттауы. Өңір әкімдерінің бағаны тұрақтандыруға барлық құралы бар. Бұл бағыттағы жұмысты күшейту қажет. Сауда және интеграция министрлігіне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін уақытша кеңейту жұмыстарын жеделдетуді тапсырамын. Бұл өнім түрлерінің көбірек бөлігінде бағаны реттеуге мүмкіндік береді", – деді Олжас Бектенов.
Сондай-ақ Премьер-министр ет бағасының азық-түлік инфляциясына айтарлықтай әсер ететінін атап өтті. Осыған байланысты Сауда және интеграция министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, ет өнімдерінің бағасын ұстап тұруға ерекше көңіл бөлуге тиіс.
Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин елде бірнеше апта қатарынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша бағаның өсуі тіркелмегенін айтты.
"Бұл мемлекеттің баға өсімін тежеуге нақты тетіктері бар екенін көрсетеді. Бағаның одан әрі өспеуі үшін ӘМАТ тізімі кеңейтіліп жатыр. Қазірдің өзінде бірнеше апта бойы әлеуметтік маңызы бар өнімдер бағасының өсімі нөлдік деңгейде, яғни инфляцияға әсері жоқ", – деді ол үкіметтегі брифинг барысында.