Оған 11,9 млрд тг қаражат бөлініпті. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысының қаржы басқармасы мәлім етті. Ауыл тұрғындарына қолайлы өмір сүру сапасын өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкестендіруді мақсат ететін "Ауыл – Ел бесігі" бағдарламасы Қазақстанда ауылдардағы тұрмыс-тіршілікті жақсартуға бағытталған. Ол 2019 жылдан бастап жұмыс жасап келеді. Шалғай ауылдарды да аудан стандартына сай әрі модернизацияға лайық етіп, жаңа бір деңгейге көтеру мақсатын көздейді.

Жалпы, Батыс Қазақстан облысында барлығы 413 ауылдық елді мекен бар. "Ауыл – Ел бесігі" жобасын іске асыруға мүмкіндігі бар 221 перспективті ауылдық елдімекендер іріктелген. 2019-2023 жылдар аралығында жоба шеңберінде ауылдардың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған 107 жобаға 32,3 млрд теңге бөлінген.

"Соңғы 4 жылдың ішіндегі ірі-ірі жобаларды атап өтейін. Мысалы, Бөкей Ордасы ауданы Сайқын ауылында ауылішілік 14 көшенің 12 шақырым жолы жөнделді. Ақсай қаласында Қызылтау ауылының 12 шақырым жолы, Жаңақала ауылының жаңа жағындағы 6 шақырым жолы, Переметное ауылының ауылішілік 15 шақырым жолы, Тасқала ауылының ішкі жолдары және 3 мектеп, 1 мәдениет үйі жөнделген болатын", – деді БҚО қаржы басқармасының басшысы Нұрлан Есенғалиев.

Биыл "Ауыл – Ел бесігі" жобасы аясында халық саны 101 мың адам, яғни ауыл тұрғындарының 32%-ы болатын 35 перспективті ауылдық елдімекенде 11 млрд аса теңгеге 43 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Олардың қатарында көлік инфрақұрылымын дамыту, әлеуметтік сала және электрмен жабдықтау жобалары бар.

БҚО қаржы басқармасының басшысы Нұрлан Есенғалиевтің айтуынша, әлеуметтік мәдени объектілерге көлік инфрақұрылымының объектілеріне реконструкциялау және күрделі жөндеуге республикалық бюджет есебінен 2,7 млрд теңге, жергілікті бюждеттен 9,2 млрд теңге бөлініп отыр.

"Көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында жалпы құны 7,8 млрд теңге болатын 26 жоба іске асырылуда. Жолдардың құрылысы 15 шақырым. Күрделі жөндеуді 85 шақырымға жасауды жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда 3 жоба аяқталып, 6,9 жол жасалып аяқталды", – деп мәлімдеді бағдарлама жөнінде атқарылған жұмыстар есебін берген облыстың бас қаржыгері.

Облыста көзделген 43 жобаның 10-ы аяқталған. 14 жобаның қалған жұмысы келесі жылы жалғасады және 19 жобаны жылдың аяғына дейін мәресіне жеткізу жоспарда.