Батыс Қазақстан облысының орманшыларына жаңа техника табысталды
Орманшылардың материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында қазынадан 1 млрд 187 млн теңге бөлініп, 100-ден аса жаңа техника алынып отыр. БҚО әкімі тапсырмасына орай тағы бірнеше көлік сатып алынған. Табиғи өрттің алдын алу, жалын тұтанған жағдайда тез ауыздықтау, жұмыс сапасын арттыру мақсатында тракторлар, жер жыртуға, тұқым себуге арналған техникалар табысталды. Атап айтар болсақ, 25 жаңа трактор мен 13 автокөлік және 78 түрлі техника орманшылар базасын жаңартты. Батыс Қазақстан облысында орман шаруашылығына қарасты өрттің алдын алу, орманды алқапты кеңейту жұмыстарымен айналысатын 8 мекеме бар.
"Облыс әкімінің шешімімен 75 млн теңге бөлініп, мемлкеттік орман қоры қызметкерлеріне 440 рация, 135 дана ауыспалы су сепкіш, 4 дрон, 80 респиратор, 6 өрт сөндіру тіркемелі кешені алынған болатын", – деді БҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қуанышқали Есімов.
Батыс өңірі аумағының 0,06 пайызын орман алып жатыр. 470 қызметкер осы орманды алқапта өрттің алдын алу үшін тәулік бойы бақылау жұмысын атқарады. Су жаңа техникалар аудандардағы орман шаруашылықтарына аттанады.
"Бұл рация орман өртін сөндіруші жауынгерлерге, орманшыларға арналған. Олардың радиус көлемі – 10-15 шақырым", – деп қолындағы жаңа байланыс құралын таныстырған инженер Асұлан Жағыпар бұл техникалар жұмысты жеңілдетеді деп қуанды.
Бүгінде орманшылар жалақысын өсіру мәселесі жиі көтеріліп жүр. Қиын да, жауапкершілігі зор қызметті атқарушылардың жұмысы-нағыз ауыр еңбек. Олардың техникалық-материалдық базасының мықты болуы – қауіпсіздік кепілі. Облыста 8 мұнара бар болса, кезекшілер сағат сайын оның басына шығып, өзі жауапты аумақты бақылап, қарап отырады.