Батыс Қазақстан облысында президент сайлауы күні 505 сайлау учаскесі жұмыс істейді
Облыстық сайлау комиссиясы төрағасының айтуынша, 20 қараша – президент сайлауы күні өңірде 505 сайлау учаскесі іске қосылып, 3 мыңнан астам комиссия мүшесі жұмыс істейді. Комиссия мүшелерінің бәрі де сайлау науқанын өткізу бойынша арнайы оқудан өткен.
"Биыл сайлаудың талаптары ерекше. Комиссия мүшелері сайлауалды оқыту кезінде практикалық сабақтарға қатысты. Атап айтқанда, "Сайлау учаскесі қалай ұйымдастырылуы керек?", "Комиссия мүшелері қалай жұмыс істейді?", "Бақылаушылармен қалай қарым-қатынас жасау қажет?" деген сауалдарға жауап алды. Бұл сайлау – әр адам Қазақстанның болашағы үшін саналы таңдау жасауы қажет кезең. Ешкім бұдан шет қалмауы керек. Әр адамның дауысы өте маңызды", – деді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов.
Қазақстан тарихында президент сайлауы 6 рет өткізілді. Биыл президенттікке үміткер ретінде 6 кандидат тіркелді. Республика тарихында алғаш рет екі әйел қатарынан мемлекет басшысы лауазымына үміткер атанды. Халықты президенттікке үміткерлер жөнінде ақпараттандыру мақсатында Орал қаласында 240 билборд орнатылған. Азаматтарға тұрғылықты жері бойынша шақыру қағаздары жіберіледі. "Дауыс беру – әрбір азаматтың конституциялық борышы екенін ұмытпайық", – дейді сайлау комиссиясының өкілдері.
Сайлау күні халықаралық байқаушылар делегациясы, оның ішінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының өкілдері жұмыс істейді. Егде жастағы азаматтар мен мүмкіндігі шектеулі жандар, белгілі бір себептермен сайлау күні учаскеге келе алмайтын жандар үйден дауыс беруге өтініш бере алады.