Батыс Қазақстан облысында мың шақырымнан астам жол жөнделді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша кейінгі жылдары елімізде, соның ішінде Батыс Қазақстан облысында жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылып келеді. Бұл – өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырудағы маңызды қадам, деп хабарлайды БҚО әкімдігі.
2023 жылы – 562 км, 2024 жылы – 470 км жол жөндеу және құрылыс жұмыстары аяқталды.
Мемлекет басшысының 2019 жылғы тікелей тапсырмасымен басталған Казталов, Бөкей ордасы және Жәнібек аудандарын облыс орталығымен байланыстыратын 245 шақырымдық жол құрылысы 2024 жылы толығымен тәмамдалды. 2019-2022 жылдары – 125 км, 2023 жылы – 104 км және 2024 жылы – соңғы 16 км жол құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.
Оқи отырыңыз: Батыс Қазақстан облысында медициналық қызмет сапасы жаңа деңгейге көтеріліп жатыр
Әсіресе, облыс орталығынан 500 шақырым қашықтықта орналасқан Жәнібек ауданы үшін бұл – тарихи оқиға. Жол қатынасының жақсаруы аудан тұрғындарының өмір сапасын арттырып, жедел жәрдем, мектеп, бизнес және басқа да қызметтердің қолжетімдігін едәуір жеңілдетті.
Биыл да бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр. 2025 жылы тағы 200 шақырымнан астам жолды жөндеу жоспарланып отыр.
Жол салу – жай ғана инфрақұрылым емес, бұл – қауіпсіздік, жайлылық және болашаққа жол ашу. Бұл жұмыстар арқылы облыс ішіндегі көлік қозғалысы жақсарып, ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдау жеңілдейді, өңірлік экономиканың дамуына серпін береді.
Жалпы, мемлекет басшысының тапсырмасы аясында көлік инфрақұрылымын жаңғырту және еліміздің транзиттік әлеуетін дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде логистика жүйесінің тиімділігін арттыруға, өңірлердегі көлік байланысын жақсартуға және орнықты экономикалық өсім үшін жағдай жасауға бағытталған шаралар кешені Батыс-Қазақстан облысы өңірлерінің дамуына жоспарлы түрде жүзеге асырылуда. Жан-жақты кешенді жұмыстар әрі қарай да жалғасын табады, себебі тұрақты өсім еліміздің транзиттік әлеуетін нығайту және халықаралық көлік дәліздерінің негізгі бағыттарын дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін көрсетеді, деген пікірде облыс басшылығы.