Батыс Қазақстан облысына қарасты Сырым, Бөкей Ордасы, Бәйтерек пен Бөрлі ауданы мен Орал қаласында мәслихат депутаттығынан шығып қалған халық қалаулыларының орнына сайлау өтеді. Қазіргі таңда 8 депутаттың орны бос тұр.

Бұрын халық қалаулысы ретінде сайланған жандар өз еркімен уақытынан бұрын мандатын тапсырды. Мұндай жағдайда сайлау заңнамасына сәйкес, жылына 2 рет саяси доданы ұйымдастыруға болады. Қазіргі таңда 24 кандидат тіркеуден өтіп, сайлау алды агитациясын бастады.

Облыстың 4 ауданы мен бас шаһарында мәслихат депутаттығынан шығып қалғандардың орнына халық қалаулыларын сайлауына дайындық басталды. Қазіргі таңда Орал қаласы мәслихатында 3 депутат, Бөкей Ордасында 2 халық қалаулысының орны бос. Ал Сырым, Бәйтерек пен Бөрлі ауданының тұрғындары келер сайлауда бір ғана депутатты сайлайды.

"Референдумның өтуіне байланысты сайлаудың уақыты өзгерді. Дәстүрлі түрде наурыз бен қазан айының соңғы жексенбісінде сайлау өтетін еді. Аумақтық сайлау комиссияларының күнтізбелік жоспарына сәйкес 11 қазан мен 8 қараша аралығында кандидаттар өзін-өзі ұсынды", – деді БҚО аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Мағрипа Нигишева.  

Аумақтық сайлау комиссиясының берген ақпарына сүйенсек, 8 қарашаға дейін 33 кандидат саяси додаға өзін ұсынды. Сала мамандары кандидаттарды жіті тексеріп барып, тіркейді. Бүгінгі таңда 24 үміткер ғана сайлауға түсуге жолдама алған.

"Сайлау заңнамасына сәйкес мәслихат депутаты болып, Қазақстан Республикасының 20 жастан асқан азаматы болаалады. Заңнама талаптарына сәйкес сотталып, қылмыстық жазасы өтелмеген жандар мен бұрын сыбайлас жемқорлық фактісі бойынша сотталған, жауапқа тартылғандар саяси науқанға түсе алмайды", – деп атап өтті Мағрипа Нигишева.

Тіркеуден өткен кандидаттар 13 қараша кешкі сағат 18:00-ден дейін сайлауалды агитациясын бастады. Үгіт-насихаттау уақыты 7 желтоқсанда түнгі сағат 12:00-де аяқталады. Сайлау заңнамасына сәйкес барлық тіркелген кандидаттардың агитациясын жүргізуге бірдей жағдай жасалады.