Батыс Қазақстан облысы қысқа дайын
Өңірде қысқы кезеңде 139 бірлік техника және 438 адам жұмыс істеуге дайын.Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының орынбасары Қанат Доспаев өңірдің қысқа дайындығын пысықтады.
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Қанат Доспаев облыс бойынша 28 электртарату станциясы бар екенін атап өтті. Қысқы кезеңде 139 бірлік техника және 438 адам жұмыс істеуге дайын. Сондай-ақ, облыс бойынша әлеуметтік нысандарда электр қуаты өшіп қалған жағдайда алаңдауға негіз жоқ, өйткені электр қуатының қосымша 672 бірлік дербес көзін пайдалануға болады.
Бұдан бөлек, сумен жабдықтау және су тарту желілеріндегі апаттық жағдайларды жедел жою үшін тәулік бойы орталықтандырылған диспетчерлік қызмет жұмыс істейді.
"24-25 қарашаға жоспарланған “Қыс-2022” республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары аясында облыстық азаматтық қорғаныс қызметтерінің қысқы кезеңдегі төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету дайындығы тексеріледі", – деді Қанат Доспаев.
Сонымен қатар, облыстық Төтенше жағдайлар департаменті өрт пен улы газдан уланудың алдын алу мақсатында жыл сайын үйлерді аралап, рейд жүргізеді. Бірінші кезеңде барлығы 1 214 үйді аралап, тексеру нәтижесінде 705 үйде өрт қауіпсіздігі ережелері бұзылғаны анықталған. Тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.