Бас мүфти: Ясауи, Абай, Шәкәрім ұстанған жолды насихаттаймыз
"Ихсан – дініміздегі үш тұғырдың бірі", – деп атап өтті Наурызбай қажы Тағанұлы.Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы университет студенттеріне дәріс оқыды.
Бас мүфти ең алдымен ҚМДБ-ның қазіргі таңда атқарып жатқан жеті жұмыс бағыты ішінде Ихсан ілімінің орны айрықша екенін атап өтті.
"Біз бабаларымыздан жалғасып келе жатқан Ихсан ілімін насихаттауға ден қойып отырмыз. Бұл – дініміздегі үш тұғырдың бірі, Қожа Ахмет Ясауи бабамыз, Абай, Шәкәрім аталарымыз ұстанған жол. Біз сол ілімді насихаттауды бастадық. Ихсанның түп негізі – Алланы көріп тұрғандай, қорыққан күйде құлшылық ету. Тағы бір мәні – біреуді ренжітпеу, көркем мәміле жасау. Сондықтан осы сипаттарға сай болу үшін әрекет етуге тиіспіз", – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Оқи отырыңыз: ҚМДБ ғұламалар кеңесі онлайн неке қиюдың пәтуасын шығарды
Білім ордасының басшысы Жанар Амангелдіқызы Бас мүфтиді жаңадан ашылған Теология факультетін бірігіп көтеру, ортақ жобаларды бірлесе жүзеге асыруға шақырды. Ал ҚМДБ Төрағасы дінтану мамандығын дамытуға, кітапхана қорына Діни басқармадан шыққан кітаптарды беруге уәде етті.