Бас мүфти "Қара жұманы" "Жомарт жұма" деп өзгертуді ұсынды
Мұндай бастаманы бұрынырақ Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп те көтерген болатын.Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы еліміздегі сауда орталықтарының иелері мен барша кәсіпкер азаматтарды көпшілік орындарында жазылған "қара жұма" сөзін "жомарт жұма" деп өзгертуге шақырды. Бұл туралы ҚМДБ өкілі Ағабек Қонарбай хабарлады.
"Кейінгі жылдары жұртты жаппай саудаға тартудың әдісі ретінде қолданылып жүрген "қара жұма" сөзі қоғамда талқыға түсуде. Дініміз бен дәстүрімізде бар "жұма" сөзі қасиетті, қастерлі ұғымды білдіреді. Мен осы ретте еліміздегі сауда орталықтарының иелері мен барша кәсіпкер азаматтарды "қара жұма" сөзін "жомарт жұма" деп өзгертуге шақырамын", – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Оның айтуынша, "Жомарт жұма" – жүрекке жылы тиетін, халқымыздың ұғымына да сай келетін сөз.
"Мұсылман қауымы үшін жұма қасиетті күн болғандықтан, "қара жұманы" "жомарт жұма" деп өзгертсек, бұл – Ислам дінін ұстанатын халқымызға көрсетілген құрмет болмақ. Осылайша, кәсіпкер азаматтарымыз ізгі ниетінің нәтижесінде "жомарт жұма" акциясы аясында қаншама жанның алғысына бөленер еді" делінген бас мүфтидің үндеуінде.
Мұндай бастаманы бұған дейін Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп те көтерген болатын.
"Біз еліктеп, солықтап жүреміз. "Қазақтың Пушкині", "Қазақтың Бальзагы" деген еліктеу ермелікке ұрынамыз. Сол секілді "Қара жұма" дегенді де тауып алдық. Қасиетті жұмамыз бір сәтте қаракүйелеш болып шыға келді. Қазақта мұның дәл аудармасы бар – "Жомарт жұма" десек, біреу тілімізді жұлып ала ма? Мұның бәрі – құлдық санадан арылмағандықтың салдары. Экономиканың әлі де орыс тілінде сөйлеп тұрғанының белгісі. Ұлттық ұғым, түсінік ұлт мүддесімен өріледі. Кірме тілдің кедір-бұдыр қойыртпағын қағып алып, "Қара жұма" болғалы жатыр деп өрекпіп жүрген қандастарымызды көргенде қасиетті жұманың киесі ұрмас па екен деп тағы алаңдайсың. "Жомарт жұма" деген сөзді қалың қазақ бір ай қолданса, өзге жұрт сол қалыпқа өздігінен түсер еді ғой", – деген болатын Нұртөре Жүсіп.