Осылай деген шымкенттік саудагерлер қала күніне орай бағаны едәуір төмендеткенін айтады. Бүгін үшінші мегаполисте ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтіп жатыр. Келушілерге мерекелік көңіл күй сыйлаған шараның, өзге жәрмеңкелерден ерекшелігі қандай?

10 жылдан бері саудамен айналысып келе жатқан Айсұлу Тұяқбаева бүгін ерекше көңіл-күймен жұмыс істеуде. Айтуынша, тауар бағасы едәуір төмендетілгеннен кейін көпшілік алғыстарын жаудырып жатыр екен. Жалпы әйел адам сүт өнімдерін арнайы шетелден алдыртатын көрінеді. 

"Мысалы Италиялық сырлар 5300 тг болса, бізде бүгін 3000 тг болды. Шұжықтар 1500 теңгеден. Бұл өнім еш жерде бұл бағада сатылмайды, ондай баға жоқ", – дейді Айсұлу.

Келушілер де мерекелік көңіл-күйде сауда жасап жүр. Басым бөлігі әр сенбі-жексенбі күндері өтетін жәрмеңкенің тұрақты тұтынушысы екен. Алайда, бүгінгі шара ерекше ұйымдастырылған дейді.

"Бүгінгі қала күні құтты болсын. Жерлестерімді шын жүректен құттықтаймын. Негізі мен жәрмеңкеге әр сенбі-жексенбі міндетті түрде келемін. Әдетте баға өзгеріп отыратын. Ал бүгін барлық зат арзан екен. Мәселен, мен жұмыртқаны 1350 теңгеге алдым. Ал дүкендерде кемі 1500-ден , 1800 теңгеге дейін барады. Бүгінгі жәрмеңке қала тұрғындарына өте пайдалы болды", – дейді Баянсұлу Бектемірова.

Асқар Бекпутаев, Шымкент қаласының тұрғыны.

"Отбасыңа не керек? Бәрі бар. Бағасы да миға қонымды. Бүгінгі жәрмеңкеге немеремді алып келдім. Оған да қатты ұнап жатыр. Қалаған затын алып бердім".

Мейрам қарсаңында  Шымкент тұрғындарының бірі жәрмеңкеге барып сауда жасаса, енді бірі отбасылық байқауда бақ сынауда. Сайыстың басты мақсаты-жанұя мүшелерінің арасындағы сүйіспеншілікті оята отырып, өнер саласындағы дарынды отбасын  анықтау. 

Жалпы "ОТБАСЫ FEST" фестиваліне 15 жанұя қатысуда. Ал кіл мықтылардың арасынан суырылып шыққан 3 отбасы жеңімпаз атанып, ақшалай жүлдеге ие болады.

Атап айтқанда,  І орын – 200 000 теңге,  ІІ орын – 150 000 теңге, ІІІ орын – 100 000 теңге. 

Айта кетейік, қала күніне орай ұйымдастырлған шаралар алдағы күндері де жалғасын табады. 


Автор Мөлдір Ибадуллаева