Baqyla қоғамдық қозғалысы: Сайлау күні 300-ден астам ереже бұзу фактісі тіркелді
Қоғамдық қозғалыстың бақылаушылары республика бойынша 3 мың учаскеде жұмыс істеді.2023 жылдың 19 наурызында BAQYLA қоғамдық қозғалысы республикадағы 25 қала мен елдімекендегі сайлау процесін бақылады. Мұнымен қатар, алдын ала 5 мың бақылаушы дайындады, деп хабарлайды қозғалыстың баспасөз қызметі.
Сайлау күні елдегі 3 мың учаскеде немесе барлық сайлау учаскесінің 30 пайызында бақылау жүргізді.
"Сайлау күні 300-ден астам ереже бұзу фактісі тіркелді. Сағат 06:00 кезінде басталған жұмыс барысында қозғалыс мүшелері бақылаушыларды учаскеге кіргізбеу, дауыс беретін кабинкаға бірнеше адамның бірлесіп кіруі, дауыс есептеу процесіне қатысудан бас тарту және хаттама бермеу секілді ереже бұзушылықтарды тіркеді. Жүзге жуық бақылаушы орын алмағандықтан, күні бойы тікесінен тік тұрып жұмыс істеуге мәжбүр болды. Қазірге дейін заң бұзушылық фактілері тіркеліп жатыр. Бірмандатты округтен сайлауға түскендер ақпарат таратып жатыр. Дауыс берушілердің белсенділігі жағынан антирекорд тіркелген сайлауда тәуелсіз бақылаушылар өз жұмысын тиісті деңгейде жүргізді", – деді саясаттанушы Асхат Қасенғали.
Саясаттанушы Мақсат Жақау өз сөзінде 2023 жылғы парламент мәжілісі мен мәслихаты сайлауында былтыр жолдауда айтылған уәделердің барлығы орындалғанына тоқталды.
"Сайлаушыларға қарағанда үміткерлер мен бақылаушылар барынша белсенді болды. Бұған дейін біразы сайлауға түспеген жеті бірдей партияның жұмысын бақыладық. Елдегі сайлаудың барынша әділетті өтуі үшін шамамен 90-100 мың тәуелсіз бақылаушы өз еркімен бақылаушы болды. Біз бұл азаматтардың демократияның жаңа қарлығаштары, әділеттік пен адалдықтың қорғаушысы екенін мойындауымыз керек. Осылайша сайлаудан сайлауға дейінгі әрбір қадам саяси және демократиялық процестің мәдениетін қалыптастырады. Бұл заңды", – деді Мақсат Жақау.
Оқи отырыңыз: ТМҰ байқаушылары: сайлау ашық және халықаралық стандарттарға сәйкес болды