Байзақтағы жарылысқа бір ай: із-түссіз жоғалған Бауыржан Дәуітбаев әлі табылмады
Ал Қайнар ауылының баспанасыз қалған тұрғындары құрылыс қарқынына көңілі толмайтынын айтып отыр.31-арна тілшілері Жамбыл облысының Байзақ ауданында болып, жойқын жарылыстан арада бір ай өткенде қандай өзгерістер барын көріп қайтты. Қайнар ауылының тұрғындары "шенеуніктер құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр" деп елді алдап отыр деп ашынды. Тұрғындардың айтуынша, бірнеше күннен бері құрылысшылар қажетті материалдардың жоқтығын айтып, жұмысты тоқтатып қойған.
Қайнар ауылының тұрғыны Жанар Сүйіндікованың сөзінше, құрылыс жұмыстары тек министр мен әкімдер келіп көретін үйлерде ғана қарқынды жүріп жатыр екен.
"Инстаграм желісінде "Барлық үйдің төбесі жабылды, адамдар үйлерге кіріп жатыр" деп жазылды. Анығында, әлі кірген жоқпыз. Енді-енді істеліп жатыр жұмыстары. Әліге дейін палаткада, шаң, боранның астында түнейміз. Қалаға барып душқа түсіп келеміз. Бала-шағамыз жан-жақта", – деді ол.
Қайнар ауылында қазірдің өзінде құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын үйлер бар. Шенеуніктер баспаналарды 17 қазанға дейін аяқтауға уәде еткен.
Ал апаттан соң ізім-ғайым жоғалған Бауыржан Дәуітбаевті іздеу жұмыстары бір айдан бері жалғасып жатқанымен ешқандай нәтиже бермеген.
"Бауыржан Дәуітбаев жараланғандар мен қаза тапқандар және аман қалғандардың да тізімінде жоқ. Жарылыс хронологиясын жасау кезінде апат ошағында болғаны анықталды", – деді "Тараз" гарнизоны баспасөз қызметінің жетекшісі Дина Мухаринова.
Материалдың толық нұсқасын төмендегі видеодан көріңіз: