Әжесінің қолында өскен бала туралы "Бауырына салу" фильмі көрерменге жол тартты
Асхат Кучинчирековтің алғашқы режиссерлік жұмысы бірнеше фестивальде топ жарды.Ұлттық киноны қолдау орталығының қолдауымен түсірілген "Бауырына салу" фильмі прокатқа шықты.
Фильм әжесінің қолында өскен жеткіншектің оқиғасын баяндайды. Әжесі қайтыс болғаннан кейін ол өзінің ата-анасына оралуға және оған бөтен адамдармен жаңа ортада қарым-қатынас құруға мәжбүр болады. Режиссердің айтуынша, бұл туынды – қазақ халқының салт-дәстүріне деген ерекше құрмет.
"Бұл – ішінара менің жеке өмірімнен алынған оқиға. Мен де әжемнің қолында өстім, мені тәрбиелеген сол кісі. Осы мәселені жіті зерттедім. Мұндағы басты нәрсе – ата-ана мен баланың қарым-қатынасы. Ата-әжесінің қолында өскен кез-келген бала өз ата-анасын "әке" не "ана" деп атамайды. Неге олай? Әр сондай баланың ішінде "мені тастап кеткен" деген реніш бар. Фильмнің драматургиясы, ескі отбасынан айырылғаннан кейін әлі де жаңа отбасы табу мүмкіндігі бар екенін көрерменге жеткізу", – дейді фильм режиссері Асхат Кучинчиреков.
Асхат Кучинчирековтің өзі бұл жобада режиссер, сценарист және продюсер ретінде жұмыс істеді. Түсірілімнің негізінен Алматы облысындағы Құйған және Тұйық ауылдарында жүрді. Қоюшы-операторы Жанарбек Елеубек. Ал актерлер болса қарапайым ауыл адамдар. Олар өз-өздерін сомдап шықты.
Фильмнің тұсаукесері былтыр Испаниядағы "Сан-Себастьян" кинофестивалінде өтті. Онда фильм Asia-Pacific Film Awards номинациясында "Үздік жастар фильмі" ретінде марапатталды.