Аягөздік шенеуніктер қар түскенде жолдарға асфальт төсеп жанталасып жатыр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Жұмысшылардың қыс басталарда іске кірісуі тұрғындардың ашуын туғызды. Халық атқамінерлердің асығыс әрекетін облыс әкімінің келуімен байланыстырады.

Лай-батпақ пен қардың үстіне жол салу ақылға қонымсыз дейді жергілікті жұрт. Оған қоса, асфальт жабындысы жұп-жұқа деп отыр. Көктемде көшелер қайтадан шұрық-тесікке айналып, бір істі екі рет жасауға тура келетінін жеткізді.

Тұрғындар бюджет қаражатын желге ұшырмай, жолды қайта жасауды талап етеді. Ал әкімдіктегілер аймақ басшысының Аягөзге келетінін жасырмайды. Бірақ ойдым-ойдым болған жолдарды жөндеу жұмыстары жоспар бойынша жүргізіліп жатыр дейді. Оның үстіне мердігерден құрылыс жұмыстары әлі қабылданбаған. Жолға жауапты мамандар асфальттың сапасы жіті тексерілетінін хабарлайды.

"Енді нақтылап, біздің мамандар барып сол жерге тексеру жұмыстарын жасайды. Сапасын бәрін тексереді. Сәйкес келмеген жағдайда сол жұмыстар қабылданбайды. Жалпы талап бойынша салуға болмайды", – деді "Жол Активтері Сапасының Ұлттық Орталығы" Абай облыстық филиалының директоры Хамзат Сұлтанов.