"Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасына жеке инвесторлар тартылады
Ұлттық жоба 2023 – 2025 жылдарға жоспарланған.Денсаулық сақтау министрлігі "Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" пилоттық ұлттық жобасын жүзеге асыруға жеке инвестицияларды да тартуды жоспарлап отыр. Бұған дейін жоба тек республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылатын болған.
"Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасына республикалық бюджеттен 217,7 млрд теңге қаражат қарастырылған. Алайда, мемлекет басшысы биылғы көктемде ұлттық жобаларды, оның ішінде "Жайлы мектеп" және "Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" сынды жобаларды жүзеге асыруға бизнесті тарту жөнінде тапсырма берген болатын. Соның аясында үкімет қаулысының жобасына өзгерістер енгізілгелі отыр.
"Бизнесті тарту мақсатында жекеше әріптестің өз есебінен Ұлттық жобада бекітілген талаптарға жауап беретін дәрігерлік амбулатория, медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункттер ашуы (сатып алу/салу/реконструкциялау/жөндеу) арқылы МЖӘ тетігін қолдана отырып, Ұлттық жобаны іске асырудың қосымша нұсқасын қарастыруды ұсынамыз", – делінген Денсаулық сақтау министрлігінің түсіндірме жазбасында.
Оқи отырыңыз: Екі жылда 10 мың бала дүниеге келген: "Аңсаған сәби" бағдарламасы 2030 жылға дейін ұзартылады
Жоба жүзеге асқанда 2026 жылы келесідей нәтижелерге қол жеткізу жоспарланған:
- нормативтерге сәйкес ауылдық елді мекендерді медициналық көмекпен 100% қамтамасыз ету;
- 4 млн астам ауыл тұрғынын қосымша мамандандырылған медициналық көмекпен қамтамасыз ету;
- Инфаркт, инсульт, жарақат және басқа да жағдайлар кезінде ауыл тұрғындарына шұғыл медициналық көмекті уақтылы көрсету үшін "алтын уақыт" қағидатын сақтау;
- Қан айналым жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітімді 20%-ға төмендету (2021 жылғы деңгейден – 100 мың тұрғынға шаққанда 163,7);
- Ауылдық елді мекендерді медицина кадрларымен қамтамасыз ету деңгейі – 85% (2021 жылғы көрсеткіш – 76%);
- 13 741 жұмыс орнын құру, оның ішінде: тұрақты – 1100 бірлік (медицина персоналы), уақытша – 12 641 адам (құрылыс-монтаждау жұмыстары кезеңіне).