Ауыл оқушыларына арналған олимпиадаға өтініш қабылдау басталды
Олимпиадаға қатысушылар республикалық "Дарын" мектебінде сырттай білім алады.Қазақстанда ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық пәндік олимпиадаға өтініш қабылдау басталды. Өтініштер 20 қыркүйекке дейін Ауыл. Дарын сайтында қабылданады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабарлады.
Олимпиадаға ауыл мектептерінің 9-11(12) сынып оқушылары қатысады.
Зияткерлік жарыс төрт кезеңнен тұрады:
- I кезең (іріктеу) – 2024 жылдың қыркүйегі;
- II кезең (аудандық) – 2024 жылдың қазаны;
- III кезең (облыстық) – 2024 жылдың қарашасы;
- IV кезең (республикалық) – 2024 жылдың желтоқсаны.
Ескерту: Олимпиаданың өткен жылғы жеңімпаздары пәндер сәйкестігі бойынша олимпиадаға конкурстан тыс қатыса алады.
"Олимпиада барысында ауыл мектептерінің оқушыларына толық қолдау көрсетіліп, олар алдағы зияткерлік жарыстарға дайындалу үшін республикалық "Дарын" мектебіне сырттай қабылданады", – делінген Оқу-ағарту министрлігінің хабарламасында.
Еске салайық, биыл ауыл оқушыларына арналған олимпиада Қазақстанда екінші мәрте өтеді. Ол Қазақстанның шалғай елді мекендеріндегі дарынды және талантты балалардың қабілеттерін анықтауға және дамытуға бағытталған. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, олимпиаданың бірінші жылының қорытындысы бойынша ауыл оқушыларының жүлделі орындарға ие болу көрсеткіші 8 есеге артты.
Оқи отырыңыз: 10-сынып оқушыларына арналған 20 грант: Іріктеу қашан және қайда өтеді