2021-2023 жылдары мемлекеттік ауыл квотасы аясында жоғары оқу орнында білім алып, алайда ауылда жұмыс істеу міндеттемесін орындамаған жастардан грант шығынын өндіру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл туралы үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенова хабарлады

Үкімет өкілінің мәліметінше, қазіргі таңда 19 адам мемлекетке 44 018 122 теңге қаржы қайтарған. Одан бөлек 1564 жас маманға қатысты мемлекеттік бюджетке 3 328 408 235 теңге қайтару бойынша жұмыстар жүріп жатыр. 

Олардың ішінде 494 адамның ісі бойынша сотқа талап-арыз түсірілсе, қалғандарымен сотқа дейінгі реттеу жұмыстары қолға алынған. Қазірдің өзінде соттың 79 001 072 теңгені қайтару бойынша 36 адамға қатысты шешімі шығып үлгерген. 


Оқи отырыңыз: Колледжге арналған білім квотасының мөлшері өзгереді. Жеңілдіктерге кімдер ие болады


Ауылда жұмыс істеу міндеттемесін орындайтындардың көптігіне қарамастан, Қазақстанда ауыл квотасының мөлшері 30-дан 35 пайызға артқан. Соған сәйкес, 2023 жылы 14 162 адам ауыл квотасы бойынша грант иеленсе, бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 3,5 мыңға көп. 

Еске салайық, таяуда бір топ мәжіліс депутаттары ауыл квотасымен білім алған жастардың ауылда жұмыс істемейтініне алаңдаушылық білдірген болатын. Олардың мәліметінше, 2021-2023 жылдары ауыл квотасымен оқыған 7771 адамның тек 2606-сы ғана ауылдық елді мекендерде жұмыс істейді.