Shymbulak тау курортында әуесқой шаңғышылар арасында шаңғымен жылдам сырғанау бойынша Қазақстан рекорды тіркелді, деп хабарлады Shymbulak курортының коммуникация департаменті. 

Қазақстан рекордтар кітабы КИнЭС-2026 деректеріне сәйкес, ел рекордын әуесқой шаңғышы Сергей Апенко орнатты. Оның жылдамдық көрсеткіші – сағатына 160,953 км.

Жылдамдық арнайы кәсіби ALGE Timing өлшеу жүйесі арқылы анықталған. Бұл жабдық Халықаралық шаңғы және сноуборд федерациясының (FIS) стандарттарына сай жарыстарда қолдануға рұқсат етілген. Рекордты үш тәуелсіз мүшеден тұратын комиссия тіркеді.

"Бұл рекорд мен үшін тек спорттық сынақ қана емес, сонымен бірге еліміздегі тау-шаңғы кластерін дамытуға қолдау білдіретін символикалық қадам. Үлкен жылдамдықпен сырғанауды дәл Shymbulak курортында өткізудегі мақсат – біздің тауларымыз бен трассалардың мүмкіндігін көрсету. Бұл жоба бұқаралық спорттың танымал болуына және Қазақстанның қысқы туризм орталығы ретіндегі беделін нығайтуға ықпал етеді деп үміттенемін", – деді Сергей Апенко.