"Әуе компанияларына сәлем айтыңыз". Ринат Зайытов ұшаққа домбыра алып кіруге рұқсат беруді талап етті
Депутат рұқсат берілмесе, Алматы мен Астананың әуежайына кемінде 1 мың домбырашы шақырып, "Адай" күйін ойнатуды ұсынды.Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов үкімет сағатында әуе компанияларынан ұшақ бортына қазақтың ұлттық аспаптарын алып кіруге рұқсат беруді талап етті, деп жазды ҚазАқпарат.
Депутаттың айтуынша, қазір әуе компанияларының қазақтың ұлттық аспаптарына қарсылығы жоспарланғандай жүріп жатыр.
"Қазір әуе компанияларында қазақтың ұлттық аспаптарына қарсылығы жоспарланғандай жүріп жатқан сияқты. Домбыра – тек ағаштан жасалатын аспап, құрамында металл жоқ. Яғни ешқандай зияны жоқ аспап. Бұл мәселе бойынша әуе компанияларына дұғай-дұғай сәлем айтыңыз. Осы мәселені шешіп беріңіздер. Қазақтың ұлттық аспаптарын ұшаққа кіргізуге рұқсат берілсін", – деді Ринат Зайытов Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министріне.
Оқи отырыңыз: Домбыраны Қазақстанның қай өңірлерінің тұрғындары көбірек шертеді?
Бұл ретте депутат бұл рұқсатты алмаса, Алматы мен Астананың әуежайына кемінде 1 мың домбырашы шақырып, "Адай" күйін ойнатуды ұсынды.
"Қолдарыңыздан келмесе, бұл рұқсатты алмаса, онда Алматы мен Астананың әуежайына кемінде 1 мың домбырашы шақырып, "Адай" күйін ойнатып, жалынып сұрайық", – деді ол.