Атырау облысында ерлі-зайыпты зейнеткерлерді өлтірді деген күдікті Сұлтан Сәрсемәливтің бес баласы мемлекет қамқорлығына алынды. Кәмелет жасына толмаған балалар арнайы бейімдеу орталықтары мен балалар үйіне орналастырылды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Нақты мәлімет бойынша, ата-әжесінің қолында болған 4, 7 және 9 жастағы балалар бейімдеу орталығына, ал бір және үш жастағы екі бүлдіршін мамандандырылған балалар үйіне жіберілген. Қазіргі таңда психологтар балалармен жұмыс жүргізіп, олардың психологиялық жағдайын бақылауда ұстап отыр.

29 жастағы күдікті мен оның жұбайы Ақбаян Мұқанғалиевадан әлі хабар жоқ. Сонымен қатар із-түссіз кеткен Мейрамгүл Қарабалина мен інісі Наурыз Мұқанғалиев те табылған жоқ. Полиция іздестіру жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Махамбет аудандық білім бөлімінің басшысы Венера Қабышева балалардың жағдайы қазір бақылауда екенін және құқықтары мен қауіпсіздігінің қамтамасыз етілгенін айтты.

Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылдың басында Жангелдин ауылында бүтін бір отбасының жоғалып кетуі қоғамда дүрбелең туғызған еді. 6 қаңтарда полиция ерлі-зайыпты Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның мәйітін үй ауласындағы сарайдан тапқан. Марқұмдардың денесінде пышақ жарақаттары анықталған, ал мәйіттерді күдікті көміп, үстін жиһазбен жабып қойған.