Атырауда 3 айдан бері еңбекақы ала алмай жүрген Caspian Contractors Trust зауытының жұмысшылары бас көтерді. Олар зауыт басшылығының тапсырысты артығымен орындатып, алайда ақы бермей отырғанына шағымданды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Жұмысшыларға жалақы берілмеуімен бірге зейнетақы және әлеуметтік төлемдер де аударылмаған. Алайда жұмыс тоқтаусыз жүріп жатыр. Тапсырыс үлесі артқан.  

"Үйге бармағаныма бір ай шамалас уақыт өтті. Не деп барамын? Қалтамда жолақыға жететін де ақша жоқ. Алда Тәуелсіздік мерекесі келе жатыр. Осы мәселені шешіп берсе, бізге басқа ештеңе керек емес", – дейді зауыт жұмысшысы Рүстем Тілеков.


Оқи отырыңыз: Еңбекақыдан жеке табыс салығын төлемеу үшін не істеу керек?


Компания басшылығы бұл мәселе бойынша пікір білдіруден бас тартса, Еңбек инспекциясының өкілдері жалақының кешіктірілуін компания есепшотының бұғатталуымен түсіндіріп отыр. Ал зауыт жұмысшыларынан бұған дейін ресми шағым түспеген. Енді жедел тексеру жүргізілмек.

"Тездетіп шешуге шаралар қабылдаймыз. Облыстық әкімдікпен де, банкпен де бірге жұмыс жүргіземіз", – деді Атырау облысы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы Кемел Иманғалиев.