Атырауда үш баладан қызылша ауруы анықталып, аталған мектеп оқушылары қашықтан білім алады, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Білім беру басқармасының басшысы Гүлнәр Сәдуақасованың айтуынша, 25 сәуір – 2 мамырда екі сынып оқушылары онлайн білім алады.

"Жаңаталап ауылы Жамбыл атындағы орта мектепте 5 сыныптан 1, 3 сыныптан 2 оқушыдан қызылша ауруының белгілері анықталды. Осыған байланысты 3 және 5-сыныпты 25 сәуір мен 2 мамыр аралығында қашықтықтан оқыту форматына көшіреміз деп шешім қабылдадық. Өйткені, дизенфекция мен тазалық жұмыстарын жүргізу керек", – деді Гүлнәр Сәдуақасова.


Оқи отырыңыз: Қызылша жұқтырған бүлдіршіндер балабақшаға жіберілмеуі мүмкін


Биыл қалада наурыз-сәуір аралығында алғашқы диагнозы бойынша қызылшаға күдікті 15 жағдай тіркелген. 

"6 оқушының қызылша ауруы зертханалық жолмен дәлелденді. Ал 4 жағдай бойынша зертханалық тексеру қорытындысы теріс нәтиже берді. 5 жағдайға байланысты зерттеу қорытындысы жүргізіліп жатыр. Оған қоса науқастармен қарым-қатынаста болған 216 адам медициналық бақылауда. Эпидемиологиялық көрсеткіш бойынша 7 адамға қызылшаға қарсы вакцинациялау жұмыстары жүргізілді. Санитарлық–эпидемиологиялық тексеру жалғасуда",– деді Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мәдениет Танауов.