Атырауда "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған үйлер бір жылдан кейін апатты жағдайда шықты. Тұрғындардың айтуынша, қабырғалары жарықшақтанып, фундаменті төмен түсіп, кей үйлер тұруға жарамсыз болып тұр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Мысалы, көпбалалы ана Мөлдір Рысқалиева жаңа үйдің кем-кетіктері бір жылдан соң шыға бастағанын айтып, өз күшімен жөндеуге тырысқанымен нәтиже болмағанын жеткізді. Тағы бір тұрғын Алтын Демешова құлауға шақ тұрған үйді тастап, пәтер жалдап жүргенін айтты.

Бір-ақ жылда салынған 60 үйге мемлекеттен шамамен 2 миллиард теңге жұмсалған. Үш мердігер компанияның тек бірі өз қателіктерін мойындап, өтемақы төлеуге келіссе, қалғандары кепілдік мерзімі өтіп кеткенін алға тартып жауапкершіліктен қашып отыр.

Атырау қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Арнат Оңдасынов полиция департаментінің қылмыстық іс қозғағанын, мердігерлерді сотқа тарту арқылы мәселені шешуге тырысатынын мәлімдеді. Тұрғындар ай сайын ипотека төлей отырып, сапасыз үйлердің мәселесін шешуді талап етіп жатыр.