Атырау облысында көкөніс пен жеміс құны бір айда 8 пайызға қымбаттады
Өңір бау-бақша өнімдерін негізінен Өзбекстан мен Ресейден тасымалдайды.Атырау облысында соңғы бір айда көкөніс пен жемістің құны 8 пайызға қымбаттаған. Агросектор мамандары күзде баға одан сайын өсетінін болжап отыр. Өйткені, жанар-жағармайдың тапшылығы туындайды. Ал өңір бау-бақша өнімдерін негізінен Өзбекстан мен Ресейден тасымалдайды, деп хабарлады 31-арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Тасымал сәл кешіксе, жеміс пен көкөніс тапшылығы болып, баға бірден өседі. Атырау облысы баға статистика басқармасының бас маманы Венера Иманғазиеваның айтуынша, жыл басымен салыстырғанда сәбіз бағасы үш есе, пияз 43,7 пайызға, қырыққабат 29,3 пайызға, картоп 19,8 пайызға өскен.
Ал сарапшылар елімізде көкөніс құнының тағы да 8 пайызға күрт өскенін айтып отыр. Мысалы, биыл пияздың бағасы 106,7, қырыққабат 62, картоп 44,8, ал сәбіз 27,5 пайызға қымбаттаған. Атырауда қазір сәбіздің бір келісі 350-400 теңгеден сатылып жатыр. Картоп пен пияз 150-200 теңге, қызанақ 400 теңге, қырыққабат 300 теңге көлемінде.
Материалдың толық нұсқасын төмендегі видеодан көріңіз: