Атырау облысында ерлі-зайыптыны өлтірді деген күдікті Индонезияда ұсталды
Атырау облысының Жангелдин ауылында ерлі-зайыпты зейнеткерлерді айуандықпен өлтірді деген күдікті ақыры ұсталды. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі қызметкерлері шетелдік әріптестермен бірлесіп, Сұлтан Сәрсемәлиевті Индонезия Республикасының Ломбок аралында қолға түсірген, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Сонымен қатар, халықаралық іздеуге жарияланған оның бұрынғы жұбайы Ақбаян Мұқанғалиевадің жүрген жері де анықталған. Қазір оларды Қазақстанға депортациялау мәселесі қаралуда.
Еске салсақ, былтыр жылдың соңында аядай ауылда бүтін бір отбасының мүшелері із-түссіз кеткен еді. Қаңтардың алтысында Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның денелері үйдің ішінде табылған. Денесінде пышақ іздері бар ерлі-зайыптыны күдікті жерге көміп, үстін жиһазбен жауып тастаған.
Полиция мәліметінше, 29 жастағы күйеу бала ұзаққа созылған тұрмыстық жанжал мен пайдакүнемдік ниет негізінде екі адамды қасақана өлтіруді алдын ала жоспарлап, жүзеге асырған. Қылмысын жасырып, марқұмдардың мүлкі мен қаражатын иемденген.
Әзірге ізім-ғайым жоғалған 35 жастағы мүгедектігі бар Мейрамгүл Қарабалиева мен оның інісі Наурыз Мұқанғалиевге қатысты ешқандай ақпарат жоқ. Олар әлі де іздестірілуде, іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.