Қазақстан өңірлерінде жұмыс істейтін орман мекемелерінің өрт сөндіру техникасы және жабдықтарымен жарақтандырылу деңгейі орташа есеппен 66,3 пайызға тең. Бұл туралы "Азаматтық қорғау саласындағы бірінші кезектегі шаралардың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарының" жаңа мазмұнынан белгілі болды. 

Құжатта жазылғандай, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің деректеріне сәйкес, бүгінде аталмыш мекемелердегі техникалар мен жабдықтардың саны 6143-ті құраса, олардың 45 пайызының пайдалану мерзімі өтіп кеткен. 

"Орман өрттерімен күрес кезінде өрт сөндіру автомобильдері мен жабдықтарының жеткіліксіз саны байқалады, қолда бар 6186 өрт сөндіру автомобильдерінің 4714 бірлігі (45%), 6189 бірлік өртке қарсы, ағаш отырғызатын тіркеме және аспалы жабдықтың 4725 бірлігі (75%) есептен шығарылуға жатады", – делінген құжат жобасында.


Оқи отырыңыз: Синоптиктер аптап ыстыққа байланысты ескерту жасады


Әсіресе, Қазақстанның төрт облысында өрт сөндіру техникаларымен ең нашар жабдықталған төрт өңір бар. Олар:

  • Атырау облысы – 24%:
  • Қызылорда облысы – 33%; 
  • Батыс Қазақстан облысы – 47%;
  • Шығыс Қазақстан облысы – 64%.

"Тиесілілік нормаларына сәйкес 4695 бірлік шағын орман өртін сөндіру кешені қажет, қолда 6143 бірлік бар, оның ішінде 2763 бірлік немесе 45 % өзінің пайдалану мерзімін өтеген, қолда бар 957 бірліктен 334 (35%) патрульдік машина, 6221 трактордан 2801 (45%) есептен шығарылуға жатады", – делінген құжат жобасында.