Ақмола облысы Атбасар қаласында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар жаңа үйдің сапасын сынға алды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Жаңа пәтерлерінің кем-кетігін жіпке тізген жұрт бұл үйді әкімдік қалай қабылдап алды деп аң-таң. Үш жыл бойы салынған үйге 3 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінген.

Жеті жыл бұрын су тасқынынан зардап шеккен атбасарлықтар бұл жаңа тұрғын үйді ұзақ күтті. Алайда халықтың қуанышы көпке созылмады. Көңілдері күпті болды. Өйткені баспананың қабырғасы сөгіліп, едендері опырылып жатыр екен.

200 пәтерлі екі үйдің кілтін тасқыннан зардап шеккендерге биыл тамыз айында облыс әкімінің өзі табыстаған. Алайда тұрғындар пәтер ішіне кірген соң баспананың сапасыз салынғанына көз жеткіздік дейді. Жұрт үйдің іші суық, терезесі мен есіктері де дұрыс жабылмайды деп отыр.

"Біз тәуелсіз сарапшының тексергенін қалаймыз. Үйдің апатты немесе қауіпті екенін айтсын. Пәтердегі олқылықтарды бізге жөндеп берсін. Боран соққанда линолиум көтеріліп, кей үйлер суық болды. Жоғары жаққа арыз жазып, мәселемізді өзіміз көтермегенше жергілікті билік бізге құлақ аспады", – деді қала тұрғыны Жұлдық Сәдуақасова.

Бұл үйдің құрылысына бюджеттен бас-аяғы 3 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінген. Аудан әкімінің айтуынша, мердігер компаниялар қайта-қайта ауысып, үй бір жарым жыл қаңырап бос тұрған екен.

Шенеунік ғылыми зерттеу орталығы үйді тексеріп, сараптама жасайтынын жеткізді. Ал мердігер компанияның өкілдері барлық кемшілікті жоямыз деп уәде берді. Бұл жұмыстар басталып кеткен екен.