Соңғы уақытта жекеменшік стоматологиялық клиникаларда балаларға бірнеше тісті бір мезетте жалпы наркозбен емдеу тәжірибесіне қатысты азаматтардан шағымдар жиі тіркеле бастаған. Бұл тенденцияға байланысты Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова түсініктеме берді.

Министрдің айтуынша, жалпы анестезия қолданылған ем – тек нақты медициналық көрсетілімдер болған жағдайда ғана орындалуы тиіс күрделі процедура. Ол кез келген клиника – мемлекеттік немесе жекеменшік болсын – мұндай жағдайда анестезиологиялық және реаниматологиялық көмек стандарттарын толық сақтауы қажет екенін атап өтті.

Әлназарова осы мәселедегі ведомство ұстанымын түсіндірді.

"Денсаулық сақтау министрі ретінде біздің ұстанымымызды егжей-тегжейлі түсіндіру маңызды деп санаймын", – деп жалпы наркозбен емдеудің талаптарын нақтылап берді.


Оқи отырыңыз: Брекет салдырмас бұрын не білу қажет? 12 сұраққа жауап


Министрдің мәлімдеуінше, Бас прокуратураның тапсырмасы негізінде ел бойынша стоматологиялық ұйымдарға қатысты кең көлемді жоспардан тыс тексерулер жүргізілуде. Қазіргі есепке сәйкес, 622 нысан бақылауға алынған.

Жүргізілген тексерулердің аралық нәтижесі мынадай:

  • 290 тексеру тіркелген,
  • 135-і аяқталған,
  • 103 нысанда жұмыстар жалғасып жатыр,
  • 52 ұйым тіркеуден алынған (іс жүзінде қызмет көрсетпейді),
  • 26 нысан тексеру сатысында.

Сонымен қатар, өңірлік прокуратуралар жолдаған 316 объекттің ішінен:

  • 34 стоматология МӘМС/ТМККК аясында қызмет көрсететіні,
  • 282 клиниканың тек ақылы негізде жұмыс істейтіні анықталған.

Министр жалпы наркозды қолдану кезінде балалар денсаулығына төнетін қауіптің жоғары екенін де ескертті. Оның айтуынша, ұзақ наркоз бен ауқымды ем көлемі балалардың жүрек-қантамыр, тыныс алу және жүйке жүйелеріне қосымша салмақ түсіріп, ықтимал асқынулар қаупін арттырады.


Оқи отырыңыз: Темекіден түтінсіз түріне ауысу адамның ауыз қуысына қалай әсер етеді


Әлназарова ата-аналарға балаларына жалпы наркозбен жасалатын процедураларға келісер алдында барлық тәуекелдер мен шарттар туралы толық әрі ашық ақпаратты талап ету қажет екенін ескертті.