Ата-аналар жазғы мектепке неге қарсы?
Қазақстандық оқушылар 26 мамыр – 17 маусым аралығында жазғы мектепте білім алады.Білім және ғылым министрлігі бекіткен "Жазғы мектеп" жобасына қарсылық білдіріп жатқан ата-аналар бар. Олар 20 күндік жазғы мектеп білім деңгейі төмендеген оқушылардың мәселесін шешпейді деп есептейді. Оның үстіне, әсіресе, ыстық өңірлерде салқындатқышы жоқ қапырық сыныптарда балаларын отырғызуға қарсы.
31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы әзірлеген бейнематериалда Ақтөбе облысындағы мектептердің жағдайы баяндалған. Облыстағы 400-ден аса мектептің тек тоқсанында ғана кондиционер орнатылған. Олардың өзі сыныптарда емес, ғимараттың басқа бөліктерінде.
"Оқу кабинеттерінде кондиционердің болуы санитарлық талаптарға сәйкес келмейді. Класс желдетіледі. Оның үстіне бір класта 30 баланың түгел отыруы міндетті емес. Икемді оқу графигі бойынша сыныпты екіге бөлуге болады. Яғни, балаларға әртүрлі жағдай жасалады", – деді Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова.
Жазғы мектепте оқу дәстүрлі форматтан өзгеше болады. Оқушыларға баға қойылмайды, үй тапсырмасы берілмейді. Сондай-ақ, жазғы мектепте білім алу оқушылар үшін міндетті емес. Оны балалар мен олардың ата-аналары өздері шешеді.
Оқи отырыңыз: "Баға қоймайды, үйге тапсырма бермейді". Биыл жазғы мектеп қашан және қалай ұйымдастырылады?
"Біз оқушыларға жазғы мектептен қалмауға кеңес береміз. Жазғы мектеп білімді шыңдап, олқылықтың орнын толықтыруға мүмкіндік береді. Әрине, әртүрлі жағдай болуы мүмкін. Балалар ауырып қалуы не жазғы лагерьге баруы, өзге де жағдайлар болады. Сондықтан жазғы мектепке қатысу ерікті түрде іске асады", – деді БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім беру комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова.
Жазғы мектепке 9 бен 11-сыныптың оқушылары қатыспайды, олар емтихан тапсырады. Ал мұғалімдер 56 күндік демалысқа тек жазғы мектептен кейін ғана шығады.