"Жайлы мектеп" жобасының операторы Samruk-Kazyna Construction АҚ жалпыхалықтық талқылау нәтижесін жария етті. Сауалнама 6 132 адам қатысқан. Олардың тең жартысы – 35 пен 44 жас аралығындағы азаматтар. 

Сауалнама қорытындысы бойынша, 5,5 мыңға жуық азамат немесе респонденттердің 88 пайызы жайлы мектептер үшін ұсынылған сәулеттік және визуалды шешімдерге жоғары баға берген. 

Инфографика Samruk-Kazyna Construction сайтынан алынды

Ата-аналардың өтінішіне орай, оқушылардың сыныптан тыс уақытын тиімді өткізуіне ерекше назар аударылмақ. Мысалы, коворкинг аймақтарын қосымша буфеттермен қамту жөнінде шешім қабылданған. Сондай-ақ, дәліздерде демалыс аймақтары ұйымдастырылады, аяқ киім ауыстыратын, жеке заттарды сақтайтын орындардың аумағын ұлғайтылады. Бұдан бөлек, балаларды мектепке әкелгенде, кептелістің алдын алу үшін көлік тоқтайтын арнайы орындар да қарастырылады.

Дегенмен, компания басшысы ата-аналардың бірқатар тілегін орындау мүмкін емес екенінде жеткізді. Атап айтқанда, респонденттер арасында мектепте бассейн салуды ұсынғандар көп. Алайда, бұл тілек орындалмайды. Өйткені, бассейн салу жоба құнының айтарлықтай ұлғаюына әкеледі және оған кейінгі жылдары қызмет көрсету құны да өте жоғары. 

Сондай-ақ, спорт залдарының аумағын кеңейту де мүмкін емес. Өйткені, жайлы мектептердегі залдардың көлемі онсыз да стандарттық нормадан 2 есе үлкен болады. 


Оқи отырыңыз: Қазақстанда жайлы мектептерді жобалау бойынша қоғамдық талқылау басталды