Асхат Аймағамбетов: Мектеп әлеуметтік көмек көрсететін ұйым емес
Министр мектеп жүктемесі мәселесіне тоқталды.Оқу-ағарту министрі мектеп директорларынан бірінші кезекте сапа, тәрбие мен білім сұралуы керек екенін айтты.
Алматы қаласының Оқушылар сарайында Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов халықпен есеп беру кездесуін өткізді. Ол мектептердің мойнына барлық мәселе артылып қойғанын айтты.
“Бізде көпбалалы отбасы деген әртүрлі. Көмекке мұқтаж емес ата-аналар да бар. Мектеп әлеуметтік көмек көрсететін ұйым емес. Мектеп – білім беретін ұйым. Мектеп киімі, оқуға қажет заттардың барлығын мектеп мойнына артып қойдық. Директорлардан білім беру сапасын сұраймыз ба, әлде балаларға мектеп формасын алып беруді ме? Менің ойымша, бұл дұрыс емес. Министрлік осы сұрақты көтеріп жатыр. “Всеобучтің” өзі мектеп араласатын жұмыс емес. Мектептен біз бір мәселені ғана сұрауымыз керек. Ол – білім”, – деді оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов.
Министр мектептің дәл қазір бала киімі мен демалыста уақытын қалай өткізетініне жауапты болып отырғанын айтты.
Оқи отырыңыз: Асхат Аймағамбетов: Мектепте құжатбастылық тыйылмаса, білім басқармасы басшылары жазаланады
“Осының барлығынан кейін білім мәселесі сұралмайды, жайына қалады. Бүгінде директорлар "Электр шамы жанып кетпеді ме?" дегендей әртүрлі коммуналды сұрақтармен ғана айналысып кетті. Өйткені әкімдік, әкімшіліктердің сұрайтыны сол. Біз олардан бұл мәселені сұрамауымыз керек. Ең бірінші кезекте сапа, тәрбие мен білімге назар аударуымыз керек. Бүгінде осы мәселеге баса мән беріп отырмыз”, – деді Асхат Аймағамбетов.