Астана-Көкшетау электр пойызымен күн сайын жаңа жыл мерекесіне орай брендтелген екі вагон қатынайды. Вагон интерьерін қазақстандық қолөнершілер безендірген.

Жаңа жылдық экспресс күн сайын таңғы сағат 06:03-те "Нұрлы жол" вокзалынан шығып, 09:57-де Бурабай курорты станциясына жетеді. Кері қайтатын рейске туристік пойыз сол күні сағат 19:15-те аттанып, Астана-1 станциясына сағат 22:18-де, "Нұрлы жол" вокзалына сағат 23:00-де келеді.

Мерекелік вагон

Қала маңы тасымалы филиалы – "Жолаушылар тасымалы" АҚ бас директорының орынбасары Сергей Балашовтың айтуынша, пойыз алты вагоннан тұрады. 377 жолаушы сыяды. Вагон класына байланысты билет құны 1 800-2 400 теңге аралығында:

  • І класс – 2 400 теңге;
  • ІІ класс – 2 200 теңге;
  • ІІІ класс – 1 800 теңге.

"Менің ойымша, бұл өте жақсы баға. Біз бәсекелестерімізді қадағалап отырамыз. Мысалы, Бурабайға қатынайтын такси құны 4000-5000 теңге аралығы, ал автобуспен 3 000 теңгеге жетесіз", – дейді Сергей Балашов.