Астанадағы кафе өрті: 8 пәтер бүлініп, тұрғындар қонақүйге көшірілді
Жөндеу шығынын иелері өтейді.
Астананың орталығында орналасқан KaRima кафесінде өрт шығып, жалын тұрғын үйдің бірнеше пәтеріне тарады. Бұл туралы қалалық әкімдік ресми хабарлады.
Оқиға 18 қыркүйекте Достық көшесі, 12/1 мекенжайында болды. Сегіз қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан кафеден шыққан өртті ТЖД мен полиция қызметкерлері жедел сөндірді.
Әкімдіктің мәліметінше, зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ. Дегенмен, сегіз пәтер бүлінген. Тұрғындар уақытша қонақүйлерге орналастырылады, оларға барлық бағытта көмек көрсетіледі.
Бүлінген пәтерлерді жөндеу және ғимараттың фасадын қалпына келтіру жұмыстары KaRima кафесінің иелері есебінен жүргізіледі. Өрттің шығу себебі анықталу үстінде.